Еліміздегі 2500 мешітте сыбайлас жемқорлыққа қарсы уағыз айтылды

03 сәуір 2019 6422 0
Оқу режимі

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде «Сыбайлас жемқорлықсыз өнегелі ұрпақты қалыптастырудағы руханияттың рөлі» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агентітктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға агенттік төрағасы Алик Шпекбаев, ҚР Ақпараттық және даму министрлігінің дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, Қазақстанның Бас мүфтиі Ораз Серікбай, Қазақстандағы Евангелия-лютерандық шіркеу басшысы, архиепископ Юрий Новгородов, Астанадағы Әулие-Успенский кафедралдық соборының протоиерейі Дмитрий Байдек, францискандық ордендер қауымдастығының басшысы Михаел Майетич, сондай-ақ өңірлік діни бірлестіктердің өкілдері бейнеконференцбайланыс арқылы қатысты.

Жиын барысында Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы табысты саясатты жүргізуде рухани мәдениеттің негізгі маңызын атап өтті. Ол сыбайлас жемқорлық барлық әлемдік діндер мен рухани ой мектептерімен айыпталатынын, ал бөтен мүлікті заңсыз иемдену мен парақорлық - күнә болып табылатынын атап өтті. 

«Сіздің әрқайсыңыз діни парыз тұрғысынан ғана емес, жалпы қабылданған адам моралінің нормалары тұрғысынан заңсыз әрекеттерге тыйым салуды түсіндіре аласыздар. Біз үшін сіздермен мықты азаматтық ұстанымды және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті тәрбиелеу мәселелерінде өзара іс - қимылды нығайту өте маңызды», - деп атап өтті агенттік басшысы.

Жалпы өткен екі жылда 2,5 мың мешітте жұма намазының алдында «Парақорлық пен жемқорлықтың қасіреті» уағызы оқылған. Агенттік діни қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімін жетілдіріп, дайындау мақсатында 300-ден астам семинар ұйымдастырды. Бүгінде осы саланың 15 000-нан астам өкілінде қажетті ақпарат пен дағды бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру саласында қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімелеген агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов өскелең ұрпақ еліміздің мектепке дейінгі мекемелерінде, мектептерінде, колледждер мен жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиемен және оқытумен қамтылғанын атап өтті.

«Адамдардың сыбайлас жемқорлықтан саналы түрде алшақ жүруі маңызды. Мұндай сенім адамның адамгершілік және рухани дамуы арқылы болуы мүмкін, - деп атап өтті Олжас Бектенов - мешіт, шіркеу, ғибадатхана, синагога және басқа да діни ғимараттар - адамгершілікке баулитын тәрбие орталықтары. Діни рәсімдерді, уағыздарды орындау кезінде сыбайлас жемқорлықтың күнә екендігі туралы үнемі түсіндіруді тәжірибеге енгізуді өтінеміз»,- деді ол дін өкілдеріне.

Олжас Бектеновтың айтуынша, Қазақстанда 15 діни білім беру ұйымы, мешіттер мен жексенбілік мектептер жанында 400 бастауыш курс, діни ғимараттардан тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған 383 үй-жай, діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған 257 арнайы тұрақты үй-жай жұмыс істейді. Халықтың іргелі құндылықтарын нығайту мақсатында агенттік діни қызметшілерді даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын осы рухани және діни білім беру ұйымдарының қабырғаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту мәселелеріне назар аударуды ұсынды.

Күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді талқылай отырып, іс-шараға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту мәселелері бойынша бірлескен күш-жігермен жүзеге асырылатын бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдарды айтты. Шара соңында қатысушылар серіктестік принципі бойынша өзара іс-әрекет жасауға келісті.

 

Дереккөз: inform.kz

Пікірлер Кіру