ЕЛОРДА ИМАМДАРЫ «ДАРХАН ДАЛА» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ОҢТҮСТІК ӨҢІРГЕ ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дархан дала» отандық туризмді дамыту жобасы аясында Астана қаласы өкілдігінің дін қызметкерлері еліміздің оңтүстік өңіріне сапар шегіп, бірқатар киелі орындарды зиярат етті. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам және ізгі қоғам жылы» аясында Шымкент қаласы өкілдігінің қызметкерлерімен тәжірибе алмасу жұмыстарына қатысты.
Шымкент қаласындағы алғашқы шара да осы бағытта ұйымдастырылып, «Ихсан тілде емес – ділде, сөзде емес – іс-әрекетте» атты аймақтық тәжірибе алмасу семинары ұйымдастырылды. Семинар аясында Діни оңалту, Ихсан ілімі, «Дархан дала» жобасы аясындағы жұмыстар есебі сараланып, өзара тәжірибе алмасты. Астана өкілдігі атынан арнайы естелік «Алғыс хат» табысталып, Елорда бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы өз ризашылығын білдірді.
Сапар аясында Елорда имамдары Сайрам ауылындағы Ибрахим ата, Қарашаш ана бастаған қазақтың әулие-әнбиелерінің қабірлерін зиярат етіп, арнайы Құран бағыштап қайтты.
Киелі өңірдің тарихымен де танысу мақсатында Түркістан облысы, Отырар ауданындағы «Отырартөбе» қалажұртын аралап, көне жәдігерлерді тамашалаған Астана имамдары сол жерде азан шақырып, намаз оқыды. Бұдан соң зиярат сапарының басты нысандары бірі – Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасалып, сол жерде ашылған көне кітапхана жұмысымен танысты.
Зияраттың негізі болған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде Елорда имамдары арнайы Құран хатым жасап, сол жерде жерленген марқұмдардың рухына бағыштады. Қала мұражайын аралап, көне шаһардың жаңа леппен түрленген тыныс-тіршілігімен танысты. Халық арасында дін мен дәстүрімізге сай киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру, жұртшылыққа шариғат әдебін сақтауды үйрету мақсатында сапар бойына насихат жұмыстарын жүргізіп отырды.
Сапар соңында күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының қабіріне соғып, марқұмға арнайы дұға жасалды.
Дереккөз: Muslim.kz