ЕЛОРДА МЕШІТТЕРІНДЕ ЗИРАТ ӘДЕБІ МЕН АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІ ТҮСІНДІРІЛУДЕ
Елорда мешіттерінде «Дін мен дәстүр» бағыты аясында жамағатқа зират әдебі, марқұмдарға Құран бағыштау, ас беру мәдениеті және ысырапшылдықтың алдын алу жөнінде насихат жұмыстары жүргізілуде.
Насихат барысында дін мамандары зиярат етудің мақсаты, марқұмдарға дұға ету, қабір басында әдеп сақтау, марқұмдарға құрмет көрсету және орынсыз әрекеттерден аулақ болу жайлы айтып, көркем насихат жасап келеді.
Сондай-ақ ас беру кезінде артық шығынға жол бермеу, ысыраптан сақтану және дастарқанды өзгелермен бәсекелесу мақсатында жаймау керектігін атап өтті. Өйткені ас берудің мәні дастарқанның молдығымен емес, марқұмға бағышталған дұға мен жасалған ізгі амалдар арқылы көрініс табады.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят), – деп ескертеді.
Имам, ұстаздар мұндай мәселелерде ұлттық дәстүрдің озық үлгілерін сақтай отырып, шариғат талаптарын басшылыққа алудың маңызын жеткізді.
Айта кетейік, елорда мешіттерінде жүргізіліп жатқан «Дін мен дәстүр» бағытындағы насихат жұмыстары халықтың діни сауатын арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамда ысырапшылдықтың алдын алуға бағытталған.








Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі