Елорда төрінде Мәуліт мерекесі тойланды (ФОТО+ВИДЕО)

24 қараша 2019 5880 0
Оқу режимі

Бүгін Елорда төрінде адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың құрметіне орай «Ғаламның рақым нұры» атты Мәуліт кеші болып өтті. Жексенбі күнін сүйікті пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, сүйіспеншілігін білдірумен бастауды құп көрген Елорда халқы рухани кешке ерте жиналды. Әрбір келушіге таратылған аппақ шарлар мен гүлдер, рухани кітаптар салынған арнайы пакеттер бүгінгі мерекенің шуағындай болып, көңілдерге қуаныш құя түсті.

Қасиетті Құран аяттарымен бастау алған Мәуліт кеші ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жолданған сансыз салауаттармен берекеленді. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз барша мүміндердің мерейлі мерекесі – Мәуліт мейрамымен құттықтап, Әз Елшіге (с.ғ.с.) деген махаббат иманымызға қуат, жанымызға азық екенін атап өтті. Арқа төріндегі алқалы жиынға Елорда қаласының әкімі де өз ізгі тілегін жолдап, шаһар тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.

Кеш аясында елімізге белгілі қари Жұманазар Садырханов пен Арман Ғабдуллиннің қос тілде орындаған Мәуліт жырының көрермендер үшін орны бөлек болғандай. Сондай-ақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сағыныштарын әнмен жеткізген Құрмаш Маханов, Бейбіт Құшқалиев, Сержанәлі Әлібек сынды өнер жұлдыздары да бүгінгі кештің шырайын кіргізе түсті. Елімізге белгілі «Өнер қырандары» театры да рухани кешке өз үлестерін қосып, көрерменге «Пайғамбарды (с.ғ.с.) сағыну» қойылымын ұсынды. Өнер жолын енді ғана аттаған Мұхтарқызы Әмина есімді бүлдіршіннің бүгінгі кештегі монологы талайдың көзіне жас үйіргендей. Кеш барысында ҚМДБ бөлім меңгерушісі Батыржан Мансұров Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәлімі жайында ғылыми баяндама жасап, көрерменнің кемеңгер тұлға жайындағы білімін байытты.

Мәуліт кешінің тағы бір тағылымды шарасы – дәстүрлі «Мәуліт сыйлығын» табыстау рәсімі болды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Мәуліт кешінде ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бірнеше жылдан бері арнайы «Мәуліт сыйлығы» табысталып келеді. Аталмыш сыйлықтың биылғы иегерлерін анықтауға жақында ғана өткен ІІІ Республикалық имамдар форумында қабылданған «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы «Жеті рухани қазық» құжатында көрсетілген жеті қасиет – негізгі ұстаным болды.

Берекелі кеш барысында аталмыш құжатта көрсетілген имандылық, отаншылдық, ауызбіршілік, білімділік, мәдениеттілік, еңбекқорлық, аманатшылдық секілді асыл қасиеттер бойларынан көрініс тапқан абзал жандар бүгінгі кештің марапатына ие болып, халық алдында мерейлері асқақтады.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру