ЕЛОРДАДА ІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» ЕРІКТІЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ (ФОТО)

26 қыркүйек 2023 1199 0
Оқу режимі

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» ІІ республикалық еріктілер форумы өтті.

Форум жұмысына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мүфтият ұжымы мен дін қызметкерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ «Зекет және қайырымдылық» қорының өңірлердегі өкілдері мен еріктілер қатысты.

Жиында алғысөз сөйлеген Бас мүфти: «Қазақ халқында: «Он адам жүрген жерде із қалады, Мың адам жүрген жерде жол қалады» деген қанатты сөз бар. Сіздер ізгі істерге із бен жол қалдырып жүрген қайырымды жандарсыздар. «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» демекші, жақсылық жасау – қанымызға сіңген қасиеттің бірі. «Асар», «жылу жинау» сынды дәстүрімізде бар ғұрыптар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жас буын өкілдерін ізгілікке үндеп келеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осынау игі дәстүрімізді жаңғырту мақсатында жуырда ғана Дін мен дәстүр бөлімін ашты. Сонымен қатар «Зекет және қайырымдылық» қорының жұмыс бағыттарының бірі – салтымызда сақталған қайырымдылық іс-шараларды сөзбен әрі іспен көбірек насихаттау.

«Зекет және қайырымдылық» қоры ел жастарын игі іске ынталандыру мақсатында былтыр «Қайырымдылық жаршылары» атты бірінші форум өткізді. Оған өздеріңіз де куәсіздер. Алғашқы форумнан қазіргі күнге дейін барлық өңірлерде 50-ден аса іс-шара өткізіліп, еріктілердің жалпы саны 5 мыңнан асты. Еріктілеріміз, одан бөлек, елімізде болып өткен үлкен апаттарда да өз көмектерін аямады. Атап айтсақ, Екібастұз қаласында болған апатта, Абай облысында, Атырау, Астана қалаларында алапат өрт орын алғанда аянбай қызмет етті.

Жаратушы Алла Тағала Құран аятында: «Ізгі істерде бір-біріңе жәрдемдесіңдер», – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күллі адамзатқа жолдаған өсиетінде ең жақсы адамның бойындағы ізгі қасиетін тілге тиек етіп: «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдалы болғандары», – деген. Алла Тағала сіз бен бізді айнала-төңірегімізге пайдалы болған мұсылмандардан еткей» деді.

Сондай-ақ форумда «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» еріктілерінің келбеті», «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» еріктілерінің жылдық жоспарын бекітіліп, Үздік қайырымдылық жоба» мен «Жыл жанашыры» таңдалып, марапатталды.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру