ЕЛОРДАДА «ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

22 қазан 2026 95 0
Оқу режимі

Қазақ руханияты тағы бір салмақты дүниемен толықты. Бүгін Астана қаласындағы Нұр-Сұлтан мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және адал қоғам» атты кітабының таныстырылымы өтті. 

Жиынға Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен дін саласының мамандары қатысты.

Барша оқырман қауымға арналған іргелі еңбекте  отбасы құндылығы, жауапкершілік, адам арасындағы қарым-қатынас, қоғамға пайда келтіру және жамандықтан сақтану мәселелері қозғалады.

Салтанатты рәсімде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғы сөз сөйлеп, жаңа еңбектің мақсаты мен мазмұнына тоқталды.

«Халқымыздың асыл перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тамаша сөзі бар. Кітап білімпаздыққа, жанашырлыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа баулиды.

Президентіміз бір сөзінде: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген еді.

Аллаға шүкір, қазір қоғамда, әсіресе жастар арасында кітап оқуға ықылас танытып жүрген жас буын өкілдері көбейіп келеді. Бұл – жақсылықтың нышаны деп атар едім. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған «Мүфтият» баспасынан жыл сайын 50-ге жуық кітап шығады. Рухани-танымдық бағытында шыққан кітаптарымыз мыңдаған тиражбен халық арасында таралуда. Бүгін таныстырылымы өтіп жатқан «Ислам және адал қоғам» кітабы осы бағыттағы жұмысымыздың жалғасы», - деді Бас мүфти.

Шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, академик Ғарифолла Есім, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев, мемлекет және қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, Еуразия ұлттық университетінің ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов құттықтау сөз сөйледі.

Айта кетейік, ҚМДБ діни қызмет аясында 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» деп жариялаған болатын. Бұл бастама қоғамда адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық және отансүйгіштік секілді құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған.














​

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру