Елордалық әйел шәкірттер арасында қолөнер бәйгесі өтті (ФОТО+ВИДЕО)

25 ақпан 2021 5156 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігі Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен Елорда мешіттеріндегі әйел шәкірттер арасында «Алтын ине» қолөнер бәйгесі болып өтті. Қолөнер бәйгесіне Елорда мешіттерінде діни дәріс алатын қыз-келіншектер қатысып, өздерінің түрлі туындыларын қазылар алқасының бағалауына ұсынды.

Қатысушылардың бірі көпшілік назарына қолмен кестелеген құрақ көрпешелерін ұсынса, енді бірі әсем тастармен безендірілген әшекей бұйымдарын, тағы бірі тоқыма өнерімен таңғалта түсті. Үміткерлердің шеберлігі мен ісмерлігін бағалап, «Алтын ине» қолөнер бәйгесінің жеңімпазын анықтау «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстаздары Гүлсара Бекет, Эльмира Бұхарбаева және «Нұр Астана» мешітінің ұстазы Айгерім Қазбековаларға табысталды.

Қазылар алқасының арнайы бағалау парақшаларының нәтижесі бойынша «Алтын ине» қолөнер бәйгесінің І орын иегері Амангүл Абдукаримқызына бұйырды. Ал, жүлделі ІІ және ІІІ орынды Айгүл Қайратқызы мен Жұлдыз Жанболатқызы иеленді. Шара соңында «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Динара Нұрғалиева барша қатысушыларға өз алғысын білдіріп, бүгінгі шараның маңыздылығын айтты. Қыз-келіншектердің ине-жіпке икемді болып, қол шеберлігін дамыта түсуі – отбасындағы берекеге бастауы боларын атап өтті.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру