Елордалық ұстаздар қауымына ауызашар берілді (ФОТО)

01 маусым 2018 7535 0
Оқу режимі

Кеше республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі ауызашар дастарханына Елордамыздағы ұстаздар қауымы арнайы шақырылып, құрметті қонақ болды. Ел астанасындағы білім ордаларын бағытын түзеп, басшылық етіп келе жатқан мектеп директорлары мен ұлағатты ұстаздары Бас мешітте бас қосып, қасиетті Рамазан айының тағылымын сезініп қайтты. Ұрпақ тәрбиесіне тікелей жауапты ұстаздар қауымына кұрмет көрсетіліп, «Әзірет Сұлтан» мешіті атынан сый-сияпат та жасалды.

Құрметті мамандық иелерін қарсы алып, «Берекелі Рамазан» дастарханының төріне орналастырған соң «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкері Еркебұлан Сейтжанұлы қасиетті Рамазан жайында уағыз айтып, отырыс тағылымын арттыра түсті. Алла разылығы үшін таңның атысы мен күннің батысы ішіп-жемнен, нәпсі қалауларынан тыйылып, ораза ұстаудың да түрлі дәрежелері барын көркем түрде жеткізе білген Еркебұлан Сейтжанұлының уағызы ұстаздар қауымына ерекше әсерін берді. Ұстаз ұғымына лайықтап, «озат, екпінді, нашар» оқушылардың деңгейі сынды оразаның да түрлі дәрежелерге бөлінетінін айтып, қасиетті Рамазан айында тек қана ас-судан ғана тыйылмай, көз бен тілдің де оразасы болатынын көркем дәлелдер арқылы жеткізді.

Айта кетейік, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті Рамазан айы басталғалы бері күн сайын 800 жанға тегін ауызашар беріп келеді. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен осы дастархан төріне Елордамыздағы түрлі қоғамдық ұйым мүшелері (зағиптар, құлағы естімейтіндер, қарттар үйі мен балалар үйі, т.б.), ұстаздар мен дәрігерлер қауымы, студенттер мен ерікті жастар қозғалысының өкілдері, т.б. қоғам мүшелері шақырылып, арнайы қонақ болып келеді.

Пікірлер Кіру