ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНДЕ ҚАБЫЛДАНҒАН ПӘТУАЛАР ЕЛОРДА ИМАМДАРЫНА ТҮСІНДІРІЛДІ (ФОТО)

26 тамыз 2025 1065 0
Оқу режимі

Астана имамдарына ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде қабылданған ДНҚ мәселесі туралы пәтуа таныстырылды. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, Шариғат және пәтуа бөлімінің Астана қаласы өкілдігі бойынша жауапты маманы Тамирлан Дарханұлы шариғи үкімді жан-жақты түсіндіріп өтті.

Кездесуде ДНҚ арқылы текті анықтау жайлы ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің ұстанымы, қазіргі ғалымдардың пікірлері мен Ислам фиқһ академиясының қарарлары егжей-тегжейлі баяндалды. Шариғат бойынша текті анықтау төрт жолмен жүзеге асады: баланың неке арқылы дүниеге келуі, әкесінің мойындауы, куәлік келтіру және қифа (әкесіне ұқсауы).

Сонымен қатар, ДНҚ талдауы ғылыми тұрғыдан 99,999 пайызға дейін дұрыс нәтиже беретіндігі айтылды. Әлемде алты миллиардтан астам адам болса да, әрқайсының ДНҚ-сы қайталанбайды.

Ғалымдар ДНҚ-ға қатысты екі түрлі пікір білдіреді. Бір топ ғалымдар оны нақты дәлелге жатқызбайды, себебі қателесу ықтималдығы бар. Ал екінші топ ғалымдар нақты дәлел ретінде қабылдайды.

Ислам фиқһ академиясының №194 (20/9) қарарында ДНҚ арқылы текті анықтау төмендегі жағдайларда қолданылатыны атап өтілді: тегі белгісіз балаға екі тарап таласқанда; ауруханада немесе әйелдер үйінде балалар ауысып кеткенде; табиғи апат, соғыс немесе жаппай қаза болған оқиғаларда мүрделердің жеке басын анықтауда; әкесі балаға тектік тұрғыдан таласқан кезде.

Сонымен бірге, шариғат үкіміне сәйкес, тек ДНҚ нәтижесімен ғана әкелік мойындалмайды. Негізгі дәлел ретінде баланың неке арқылы дүниеге келуі, әкесінің мойындауы және куәгерлердің сөзі басымдыққа ие.

Кездесу барысында имамдарға пәтуаның мазмұны түсіндіріліп, жамағатқа жеткізуде сақтықпен және дұрыс түсіндірудің маңызы атап өтілді.

ШЕШІМ: Қажеттілікке қарай ДНҚ арқылы баланың тегі анықталса, нәтиже негізге алынады. Алайда ешбір себепсіз ДНҚ сараптамасын жүргізу дұрыс емес.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру