ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ХХХІХ МӘЖІЛІСІ БАСТАЛДЫ (ФОТО)
Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Діни басқарма жанындағы Ғұламалар кеңесінің ХХХІХ мәжілісі басталды.
Жиынды ашқан ҚМДБ Төрағасы: «Аллаға шүкір, Ғұламалар кеңесінің жұмысы жоғары деңгейде өтіп келеді. Соның нәтижесінде бірнеше қоғамға пайдалы, өзекті пәтуалар жарияланды. Тиісті концептуалды құжаттар қабылданды. Осы орайда еңбек етіп, атсалысқан баршаңызға тағы да Алла разы болсын деп, шынайы алғысымды білдіремін. Мұның барлығы сіздер мен біздердің белсенді жұмыстарымыздың арқасында іске асып келеді» деді.
Айта кетейік, екі күнге созылатын мәжіліс барысында «лудомания, гемблинг пен игроманияның үкімі», «интернет дүкен арқылы сауда жасау үкімі», «ақшаның құнсыздануына қатысты қарызды қайтару үкімі», «мешітте екінші жамағат болып намаз оқудың үкімі», «электронды құралдар арқылы валюта айырбастаудың» пәтуасы қаралып, «Қарилар орталығын ашу мен басқару ережесі», «Дәстүрлі ислам тұғырнамасы» құжаттарының жобасы талқыланады. Сондай-ақ ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуалар жинағы – «Пәтуа кітабының» төртінші томы таныстырылмақ.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі