«Ғылмани» мешіті Қарттар мен мүгедектер үйіне айттап қайтты (ФОТО)

14 тамыз 2019 6973 0
Оқу режимі

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Нұрлан Рамазанов бастаған мешіт ұжымы «Қарттар мен мүгедектер» үйіне арнайы айттап қайтты.

Жыл сайын жалғасып келе жатқан үрдіс бойынша, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің «Әйел-қыздар секторы» жанынан құрылған «Аналар мектебі» мүшелерінің демеушілігімен және әйелдер жамағатының ұстазы Әлия Аусағатова және Айгүл Көксегенқызының ұйымдастыруымен,  Елорда әкімдігінің «Шарапат әлеуметтік қызмет көрсету орталығына» арнайы барып, қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қайрымдылық дастарханы жайылып, тәбәрік сыйлықтар үлестірілді.

Сөз басында бас имам Нұрлан Бекболатұлы жүздеріне қаяу түскен қарияларға қамқорлық көрсету және құрметтеп сыйлау туралы имани әңгіме қозғады.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Шарапат әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 26-98 жас аралығында 350-ге жуық қарттар мен мүмкіндігі төмен жандар тұрып жатыр. Олардың арасында 4 Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, 11 соғыс ардагеріне теңестірілгендер, 27 тыл еңбеккерлері, 4 қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары бар. І-ІІ топтағы  125 мүгедек жандарға оңалту орталығы жұмыс істеуде.

Мерекелік іс-шаралар аясында жайылған дастарқан басында, дәстүрлі әнші Жалғас неше түрлі ән құйқылжытып, ондағы тағдырдың ауыр тауықыметін тартқан азаматтардың бір сәтке болсын көңілін серпілтіп тастады. Мекемінің қызметкерлері және сондағы тұрғындар жақсы кешке куә болып, мерекелік шаттыққа бөленді.

Өз кезегінде қарттар үйінің қызметкерлері мен тұрғындары мешіт ұжымына өз ризашылықтарын білдіріп, алғыс хаттарымен марапаттап, ізгі тілектерін айтты.

 

Дереккөз: «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру