«ИМАНИ ЖАЗ-2023» ЖАЗҒЫ САУАТ АШУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

03 маусым 2023 2284 0
Оқу режимі

1 маусым – Халықаралық Балаларды қорғау күні мерекесіне орай ҚМДБ бастамасымен еліміздегі мешіттерде «Имани жаз-2023» жазғы сауат ашу курстары өз жұмысын бастады. Мектеп оқушыларының жазғы демалысын пайдалы өткізу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба аясында биылғы жылы Астана бойынша 2 000-ға жуық оқушы Құран әліппесімен танысып, әдеп және имандылық дәрістерімен сусындамақ.

Бүгін елорда төріндегі «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Имани жаз-2023» жазғы сауат ашу курсының ашылу салтанаты өтті.

Қасиетті Құран аяттарымен ашылған салтанатты шара аясында қала бас имамы Ерболат Жүсіпов бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, ақ тілегін білдірді. «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсының маңыздылығына тоқталып, жас жеткіншектердің мешіт қабырғасында діни білім ғана емес, әдеп-тәрбие дәрістері, бала санасын дамытуға арналған түрлі ойындар, имандылық, салт-дәстүр сабақтарына қатысып, жан-жақты дами түсетінін жеткізді. Сондай-ақ, шара аясында мешіт бас имамы жазғы сауат ашу курсының оқу бағдарламасымен таныстырып, арнайы балалар үшін әзірленген «Имани жаз-2023» кітапшасын табыстады.

Айта кетейік, биылғы жылы «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі «Имани жаз» курсына 500-ден аса оқушы қабылданып отыр. Сауат ашу курсына қатысушы балалар күн сайын үш сағат мешіт қабырғасында білім алады.

Балалар күніне орайластырылған «Имани жаз-2023» жобасы бұдан әрі мешіт ауласында мерекелік бағдарламаға ұласты. Мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы шақырылған аниматорлар өнер көрсетіп, балдырғандарға тегін балмұздақ таратылды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру