«Инабат» клубының мүшелері «Ана үйіне» сыйлық жасады (ФОТО)

01 сәуір 2019 8337 0
Оқу режимі

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Инабат» қыз-келіншектер клубы кешегі өткен жексенбіде Нұр-Cұлтан қаласындағы «Ана үйін» зиярат етіп, орталықтағы жалғызбасты аналарға сыйлық жасап қайтты. Бас мешіттің әйел шәкірттері мен жамағатынан құралған еріктілер тобы «Ана үйі» орталығына тамақ пісіретін пеш, мультиварка, миксер секілді ас-үй жабдықтарын тарту етті. Сондай-ақ, жалғызбасты аналарға орамал-көйлек секілді киімдер мен «Памперс» жаялықтарын сыйлап, тәтті тағамдармен көңілдеріне қуаныш ұялатуға тырысты.

Арнайы дайындықпен барған «Инабат» клубының мүшелері орталықтағы әпке-сіңлілерімен емен-жарқын тіл табысып, тіпті мерекелік бағдарлама да ұсынды. Түрлі ойындар ойнатылып, психологиялық тренинг те өткізілді. Нұр-Сұлтан қаласы дін проблемаларын зерттеу орталығының психолог маманы Әйтенова Айгүл Оралбайқызы өткізген тренингтің орталықтағы аналар үшін ерекше әсері болды.

Кеш соңында орталықтағы аналарға арнайы мерекелік дастархан жайылып, жылы жүздесуден басталған риясыз достықты дамыта түсті. Орталықтағы қамкөңіл аналар үшін бүгінгі күннің қуанышы ұзаққа сақталатынын жеткізіп, алғыстарын білдірді.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру