Иран елшісі Бас мүфтиге алғысын білдірді (ФОТО)

16 тамыз 2018 1334 0
Оқу режимі

Бүгін Иран Ислам республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажымен кездесу өткізді. Астана қаласындағы елшілік қызметінің аяқталуына байланысты еліне қайтып бара жатқан Моджтаба Дамирчилу Серікбай қажы Оразға өз алғысын білдіріп шықты.

Төрт жыл уақытын Елорадамызда өткізген ирандық елші осы жылдар ішінде Серікбай қажы Оразбен тығыз қарым-қатынаста болып, араларында орнаған рухани достықты жоғары бағалайтынын білдірді. Сондай-ақ, ҚМДБ төрағасының діни қайраткерлігі жайында да пікірін айтып, екі мемлекет арасындағы рухани ынтымақтастықты арттыруға қосқан үлесін атап өтті.

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз да Иран елшісіне өз құрметін танытып, осы төрт жыл ішінде елімізде өткен түрлі іс-шараларға белсене атсалысып, атқарған еңбектері жайында жылы лебізін білдірді. Кездесу соңында Бас мүфти өзінің «Ұлы Дала төсіндегі Ислам діні» атты кітабын сыйға тартты. Қазақ даласындағы Ислам тарихымен таныстыратын құнды еңбекке тәнті болған ирандық елші Серікбай қажы Ораздан арнайы рұқсат сұрап, аталмыш еңбекті парсы тіліне аударып шығуға ниеті барын жеткізді.

Пікірлер Кіру