Кентау қаласында қарилар даярлайтын медресе ашылды (ФОТО)

08 қазан 2018 16445 0
Оқу режимі

Түркістан облысы, Кентау қаласында Алланың кәләмін насихаттайтын «Балаби қари» Құран жаттау орталығының есігі қасиетті Жұма күнінде жамағатқа айқара ашты.

Жаңа қарилық орталықтың ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Түркістан облысы бойынша өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының Құрметті азаматы, ақын, ақсақал Рахым Балабиев, Кентау қаласының әкімі Мақұлбаев Әбдібақыт Тілләбайұлы, мәслихат депутаттары, қаланың ақсақалдары, медресе директорлары, имам-молдалар, т.б. азаматтар қатысты.

Ашылу салтанатын Мұса қари Құран оқумен бастаса, дұғасын наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы берді.

Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің ыстық сәлемін жеткізе отырып, қарилық орталық елімізге қайырлы, елжанды балаларды тәрбиелейтін орталық болуына тілектестігін жеткізіп, Бас мүфтидің арнайы сыйлығын табыс етті.

Кентау қаласының әкімі Мақұлбаев Әбдібақыт Тілләбайұлы бұл медресе еліміздің жастарына дұрыс жолды табуына, адаспауына қызмет атқара беруіне тілектестігін білдірді.

Медресенің салынуына үлес қосқан, ақын, ақсақал Рахым Балабиев көпшілікке бата беріп, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына қазақы салтпен шапан жапты. Медресенің лентасын қиып, біліммен ілімнің ордасы болуға бата жасады.

Медресе 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгімен салынған, өте ыңғайлы, барлық керек-жарағымен жабдықталған. Жалпы 80 балаға арналған.

 

Дереккөз: ҚМДБ Түркістан облысы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру