«Халал» стандарттау ұйымдарының онлайн жиыны өтті (ФОТО)

02 желтоқсан 2022 2776 0
Оқу режимі

Онлайн форматта «Халал» стандарттау және сертификаттау ұйымдарының халықаралық конференциясы өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің салаға қатысты ұйым басшылары мен қызметкерлері қатысты.  

Жиын барысында Халал сертификаттаушы ұйымдардың Еуразиялық одағын құру, оның аясындағы ортақ жұмыстар туралы пікір айтылды. Ресей Мүфтилер Кеңесіне қарасты халал стандарттау және сертификаттау орталығының басшысы Айдар Газизов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» орталығы маңызды әріптес және халал тауар айналымындағы ең үлкен серіктес екенін атап өтті. 

Халықаралық жиында сөз алған «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы: «Біз бір-бірімізбен сауда-саттық, импорт, экспорт мәселесінде тығыз қарым-қатынастамыз. Сол үшін әр елдің Діни басқармалары жанындағы халал стандарттау бөлімі тарапынан сертификатталған өнімді тану әрі халал аясын кеңейту, табыс көзіне айналдырған жекеменшік сертификаттау орталықтарының заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою қажет, ол үшін біз тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек. Сонымен қатар  халал индустриясында жалған ақпарат таратушылар мен үй жануарларын сою стандартындағы механикалық сою мәселесіне қатаңдық керек» деді.

Жиында әр сертификаттаушы ұйым басшылары көзқарастарын білдіріп, көптеген ұсыныстар ортаға салынып, талқыланып, келесі мәжілісте көтерілген ұсыныстар жайында ортақ шешімге келуге уағдаластық жасалды.

Дереккөз: halaldamu.kz

Пікірлер Кіру