Маңғыстауда екі отбасы баспаналы болды (ФОТО)

17 маусым 2020 4763 0
Оқу режимі

Облыстық Бекет ата, Жетібай ауылдық Сүйінғара мешіттерінің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет» қоры Маңғыстау өкілдігінің ұйымдастыруымен Жетібай кентінде екі отбасы баспаналы болды.

Пәтер жалдап, тұрмыстың қиындығын көріп  жүрген  жас отбасылар енді қайырымды халық  пен жомарт жамағаттың қаражатына алынған үш бөлмелі үйде тұратын болады. Облысымыздың бас имамы Әнуар Елжанов бастаған аудан, қала имамдары, қоғам белсенділері мен жамағат өкілдері қос отбасына ақ тілектерін айтса, орталық мешіттің жанындағы әйел-қыздар секторы жаңа қонысқа кілем мен көрпе-төсек сыйға тартты.

Жаңа қоныс иелеріне үй кілттерін қоғам белсендісі Аят Сүгірбай мен мешіт жанашыры Жамаладдин қажы Тоқтасынов тапсырды.  

–ҚМДБ-ның «Зекет» қорының бастамасымен елімізде «Ел үлесі – пәтерге» жобасының аясында бірқатар мұқтаж отбасыларға көмек беріліп, тұрмыстық мәселелерде қолдау көрсетілуде. Игі шараның нәтижесінде, «Зекет» қоры Маңғыстау өкілдігінің ұйымдастыруымен екі жас отбасы қуанышқа бөленіп, баспаналы  болды. Қос  отбасы  республика  бойынша  236, 237-ші  кезекте үй алды, - дейді  облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов.        

Қайырымдылық шарасының нәтижесінде үйлі болған Альбина Молдағалиева – жалғызбасты ана. Жолдасы жол апатынан қайтыс болған соң, екі баламен үйсіз, табыссыз қалады. Қиындыққа бетпе-бет келген жас ана таныстарының айтуымен, «Ел үлесі-пәтерге» жобасына келеді.   

–Қатты қуанып тұрмын. Ақтау қаласында сарай жалдап тұрдым, жағдайым  мәз  емес  еді. Жолдасым қайтыс болғасын, кішкентай екі баламмен  далада  қалғандай  болдым. Енді өзімнің жеке үйім бар. Облыстық Бекет ата мешітінің имамдарына және жомарт жандарға көп алғыс! Алланың нұры жаусын! - дейді Альбина Молдағалиева.            

Ал, үш бөлмелі үйдің бірі Жетібай ауылдық Сүйінғара мешітінің ұстазы Мәди Нұралыұлына бұйырды. Алланың үйінде Құраннан дәріс беретін тәлімгер бұған дейін үй жалдап жүрген екен. ҚМДБ-ның «Зекет» қорының Маңғыстау  өкілдігінің   жетекшісі Іздібай Қоблановтың айтуынша, 2019 жылдан бері «Ел үлесі –пәтерге»  жобасының  аясында  өңірімізде 6 отбасы баспаналы болған. Негізгі басымдық толық емес отбасылар мен дін қызметкерлеріне беріледі. Имамдар жылдың аяғына дейін кемінде тағы 4 отбасыны үйлі ету үшін жұмыстанатындықтарын жеткізді.

Дереккөз: Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру