Мектептерде қазақ күресі мен тоғызқұмалақ міндетті сабақ ретінде өткізілмек

09 наурыз 2021 3824 0
Оқу режимі

Елімізде орта мектептерде «қазақ күресі», «тоғызқұмалақ», «асық ату» бойынша міндетті сабақ өткізу әдістемесі әзірлеп жатыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына орай ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде спорт секциялармен шамамен 1,4 млн бала немесе мектеп жасындағы балалардың жалпы санының (3,5 млн) 40 пайызы, оның ішінде 422 мыңнан бастам бала мектептен тыс ұйымдарда қамтылған. Бұқаралық спортты дамыту аясында спорт инфрақұрылымын, оның ішінде ауылды жерлерде дамытуға баса назар аударылып отыр. Мәселен, 2023 жылға дейін шамамен 159 ауыл мектебін спорт залмен қамтамасыз ету жоспарланған», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының атап өтуінше, Білім және ғылым министрлігі дене шынықтыру мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жұмысын жолға қойған. Өткен жылы 447 дене шынықтыру мұғалімі біліктілік арттыру курсынан өтті. Ал биыл 2 мыңнан астам педагогты қайта даярлау көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2021 жылдың қаңтарынан сабақтан тыс спорт үйірмелерін өткізгені үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне базалық лауазымдық жалақының 100 пайызы мөлшерінде үстемақы төлеу енгізілді. Үстемақы дене шынықтыру мұғалімдерін білім беру ұйымдарында секциялар ашуға ынталандыратын болады. «Балалардың денсаулығы мен тәлім-тәрбиесіне ұлттық спорт түрлерінен сабақ өткізу де оң әсерін тигізбек.

Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі «қазақ күресі», «тоғызқұмалақ», «асық атуды» алдағы уақытта дене шынықтыру бойынша мектеп бағдарламасына қосу және міндетті сабақ ретінде өтізу үшін әдістеме әзірлеп жатыр», - деді Премьер-Министр.

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру