МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ РАМАЗАН АЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

11 наурыз 2024 1866 0
Оқу режимі

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ елін күллі мұсылман қауымының сағына күтетін мерекесі Рамазан айымен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

«Қымбатты отандастар! Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша.

Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл.

Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді.

Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін.

Ораза қабыл болсын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін!» делінген Президент құттықтауында.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру