«Менің алғашқы оразам» эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды (ФОТО)

19 мамыр 2021 3763 0
Оқу режимі

«Нұр Астана» мешітінде «Менің алғашқы оразам» үздік эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Рамазан айының басында басталған шығармашылық байқауға Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан үміткерлердің ең жасы 14 жаста болса, ең үлкені 70 жастағы ақ жаулықты әжейлер еді. Яғни ниет етіп қатысқандардың саны көп болды, оның ішінде еліміздің өзге қалаларынан, Шымкент, Қызылорда өңірлерінен де шығарма жолдап, қатысқан жандар бар.

Бірақ байқау талабына сәйкес, тек елорданың атынан қатысқан үміткерлер арасынан жеңімпаздар анықталды. Байқау нәтижесінде жүлделі бірінші орынға Қарашаш Серғазина, екінші орынға Меңдікөл Болат, үшінші орынға Қарақат Асхар лайық деп танылды.

Байқаудың мақсаты – қасиетті Рамазан айының қадір-қасиетін арттыру, ғибратты, оқиғалы шығармалар арқылы оқырмандарға мотивация сыйлау болғандықтан, жеңімпаздарды анықтау кезінде осы мәселеге баса назар аударылды. Өзгелердің Рамазанға деген құлшынысын оятатындай үздік шығарма иелеріне «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Берікбол Жанақ арнайы диплом мен байқау сыйлықтарын табыстады.

Байқаудың басты жүлделерінің бірі – түпнұсқадағы Құран Кәрім мен Құранның қазақша аудармасы болатын. Жеңімпаз үздіктердің арасында Рамазан айында Құранды хатым еткен жандар да бар екен. Оны байқауға ұсынған шығармаларды оқып отырып білдік, іштей сүйсіндік, ерекше әсер алдық. Марапаттау соңында байқау жеңімпаздары мешіт ұжымына зор ризашылық білдіріп, ізгі тілегін арнады.


Дереккөз: ummet.kz

Пікірлер Кіру