Елорда мешіттерінің шәкірттері арасында Волейбол турнирі өтті (ФОТО)

18 наурыз 2019 6998 0
Оқу режимі

Кеше Елорда мешіттеріндегі Діни сауат ашу курстарында тәлім алатын шәкірттер арасында Волейбол турнирі болып өтті. Салауатты өмір салтын насихаттап, мешіт шәкірттерінің бір-бірімен етене араласуы мақсатында ұйымдастырылған спорттық сайысқа Астана қаласындағы 10 мешіт шәкірттері және «Астана» медресе-колледжі мен «Нұр Астана» мешітінің Діни сауат ашу орталығының шәкірттерінен жасақталған 12 команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Тартысты өткен турнир барысын тамашалауға ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Астана қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, Дін проблемаларын зерттеу орталығының басшысы Жабал Ерғалиев, мешіт имамдары мен жамағаты арнайы қатысып, шәкірттердің шеберліктеріне куә болды. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ұрпақ саулығы – ұлт болашағы екенін атап өтіп, Астана қаласы өкілдігінің мұндай спорттық шараларды көптеп ұйымдастыруға қатты көңіл бөлетінін жеткізді. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін арнады.

Тартысқа толы өткен турнирдің бас жүлдесін «Ғылмани» мешітінің «Сарыарқа» командасы еншілеп, 50 000 теңгенің сертификатын иемденді. Ал, жүлде қоры 30 000 теңгені құрайтын ІІ-орынға «Әлжан Ана» мешітінің командасы тұрақтаса, жүлделі ІІІ-орын (20 000 теңге) «Нұр Астана» мешітінің Діни сауат ашу орталығына бұйырды. Жеңімпаз командаларға арнайы кубок табысталып, Астана өкілдігі атынан дипломдар табысталды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру