Мешіттің әйел жамағатына араб графикасынан шеберлік сағаты ұйымдастырылды (ФОТО)
Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінде әйел жамағатына арналған өзгеше басқосу болып өтті. Мешіт ұстазы Негманова Сабинаның ұйымдастыруымен «Өнерлінің қолы алтын» атты араб графикасынан мастер-класс өткізіліп, жиырмаға жуық қыз-келіншектер қылқалам ұстап, шеберліктерін шыңдай түсті.
Алдымен араб әріптерінің жазылу ережесі тақтада көрсетіліп, шәкірттер мен қатысушыларға жазу әдістері үйретілді. Соңында арнайы қылқалам мен сия қолданып, арабша сөздер мен Құран аяттарын қағазға түсіруге кірісті.
«Ырыскелді қажы» мешітіндегі Діни сауат ашу курсына қатысып жүрген шәкірттерге араб каллиграфиясы бұрыннан таныс болғандықтан, олар «Фатиха» мен «Ықылас» сүрелерін жазып шықты.
Айта кетейік, бұл мастер-класс жұмысы ақпан айы бойы жұма намазынан кейін тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады. Келесі шеберлік сабақтары орыс және ағылшын тілдерінде жүргізу де жоспарланған. Елордамыздағы шетелдік мұсылман әйел-қыздарды қатысуға шақырамыз!
Дереккөз: Астана өкілдігінің баспасөз қызметі