МИССИЯ МҮШЕЛЕРІ ЖИДДА ҚАЛАСЫНДА ҚАЖЫЛАРДЫҢ КЕЛЕСІ ТОБЫН КҮТІП АЛДЫ (ФОТО)

20 маусым 2023 1253 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Қажылық миссиясы Жидда халықаралық әуежайынан қажылардың кезекті тобын арнайы күтіп алды.

Отандастарымызды қарсы алған Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Тобылұлы, Қажылық миссиясының төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар, Бас мүфти кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы қажылармен әңгімелесіп, ахуалын сұрады.

Наиб мүфти Ершат Оңғар жерлестерімізге Мекке қаласында Қазақстан Қажылық миссиясы өз жұмысын бастап кеткенін, ұйымдастыру-үйлестіру, пәтуа беру, уағыз айту, алғашқы медициналық көмек көрсету т.б. сұрақтар бойынша миссия мүшелеріне хабарласуға болатынын атап өтті.

Айта кетсек, биыл 4000 отандасымыз қажылық парызын өтейді. Оларға отандық 18 қажылық компаниясы қызмет көрсетеді. Қажылық миссиясы ұйымдастыру, уағыз-насихат жүргізу, алғашқы медициналық көмек көрсету, пәтуа беру, ақпарат тарату бағыттары бойынша жұмыс істейді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру