Мүфтияттың «Мұнара» газеті шықты (ФОТО)

31 қазан 2019 7557 0
Оқу режимі

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл басылымы – «Мұнара» газетінің тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, мүфтият қызметкерлері қатысты.  

«Рас, бүгінде адамның ой-пікірін бір арнаға бұруда бұқаралық ақпарат құралының маңызы артып келеді. Өйткені, болған оқиғаға әркім әр ракурстан қарайды. Оны өз деңгейінде қорытып, сараптайды.

«Мұнара» объективті ақпарат таратумен қатар, салт-дәстүр, тарих, білім, медицина, т.б. салалар бойынша ғалымдардың ізденістерін, зерттеу мақалаларын тұрақты түрде жариялайды. Өйткені, Ислам құлшылық пен тіршілікті үйлестіре отырып өмір сүруге үндейді.

Біз иман ұғымын «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген бірауыз сөзге сыйдыра білген халықпыз. Ислам құндылықтарын қазақы таным-түсінік аясында насихаттау, бірлік пен ізгілікті ту ететін, елдің ертеңіне елеңдейтін ер-азаматтардың патриоттық сезімін ояту – «Мұнараның» басты мұраты», – деп атап өтті Серікбай Сатыбалдыұлы.

«Мұнара» – ҚМДБ-ның ресми рухани-танымдық газеті. Меншік иесі – «Мүфтият баспасы» ЖШС. Директоры – Мұрат Манапұлы. Бас редакторы – Серікбол Хасан, шеф редакторы – Ағабек Қонарбайұлы, ал шариғи редакторы – Хасан Аманқұл.

Газет айына екі рет шығып, 25 мың таралыммен тарайды.

Дереккөз: МДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру