«МҰНАРА» ГАЗЕТІНІҢ ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ТУРНИРІ ӨТТІ (ФОТО)

26 маусым 2023 1263 0
Оқу режимі

Бүгін елордада «Мұнара» рухани-танымдық газетінің ұйымдастыруымен БАҚ қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында журналистер арасында үстел теннисінен турнир өтті.

Осымен үшінші рет журналистер мерекесіне орай ұйымдастырылған спорттық шараның мақсаты – журналистермен тығыз байланыс орнатып, ынтымақтастықты арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және мерекелік көңіл-күй қалыптастыру.

Діни басқарманың төл басылымдары – «Иман» журналы мен «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан үстел теннисінен дәстүрлі турнирге қолдау білдіріп келген барша әріптеске, әсіресе Алматыдан арнайы келген телевизия майталманы Қайнар Олжайға және журналистика ардагері Шархан Қазығұлға ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде Қайнар Олжай журналистер арасында футбол, волейбол, билярдтан турнирлер жиі ұйымдастырылып тұратынын, ал үстел теннисі БАҚ өкілдері арасында көп насихаттала бермейтінін айтып, Діни басқарма басылымдарының редакциясына алғысын білдірді.

Биылғы турнирге елордада қызмет етіп жүрген баспасөз саласының 16 өкілі қатысып, қызықты әрі тартысты ойын өрнегін көрсетті. Төрт топтан плей-офф кезеңіне жолдама алған 8 мықты өзара бас жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде, дәстүрлі турнирдің алғашқы жеңімпазы «Қазақ радиосының» дикторы Мұхамедәли Болатұлы топ жарды. Ал Республикалық бас мешіттің баспасөз хатшысы Нариман Аманжолов биыл да жүлделі екінші орынды иеленсе, былтырғы турнир жеңімпазы «КТК» арнасының бейнеинженері Рүстембек Исаев үшінші орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ топтық кезеңнен өткен 5 қатысушы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру