Наиб мүфти: оразада автобустар тегін тасымалдайды (ФОТО)

01 мамыр 2019 5516 0
Оқу режимі

Бүгін Елордада өткен баспасөз мәслихатында Бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті рамазан айында жамағатты тегін таситын автобустар пайда болатынын атап өтті.

«Қала әкімшілігінің қолдауымен тарауих намаздарынан соң тегін қатынайтын автобустар биылғы жылы да жамағаттың алғысына бөленетін болады. Автобустар бағыты жайлы ақпараттар қосымша мешіттерде хабарланып, өкілдік сайттарында жарияланатын болады. Сондай-ақ, қала әкімшілігінің келісімімен қала көшелерінде, автобус бекеттерінде рамазан айымен құттықтау лебіздер, оразаның қадір-қасиеті жөніндегі өнегелі сөздер жазылып, халықтың оразаға оң ниетін оятып, ықыласын арттыру қолға алынып отыр.

Қасиетті Қадір түнінің ерекшелігін ескертіп, жамағатты хабардар ете түсу үшін барлық мешіттерде арнайы бағдарлама түзіліп, уағыз-насихат айтылып, құлшылық-ғибадатқа ерекше көңіл бөлінеді. Осы ретте «Әзірет Сұлтан», «Нұр Астана» секілді мешіттерде аулаға арнайы лед экрандар қойылып, іштегі уағыз-насихат жұмыстары көрсетіліп келеді. Осы бастаманың биылғы жыл аясын кеңейтіп, өзге де мешіттерге қолдануды жөн санап отырмыз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру