Наиб мүфти қасапшыларға семинар өткізді (ФОТО)

17 наурыз 2021 3737 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғардың төрағалығымен қасапшыларға арналған республикалық онлайн оқу-семинары өткізілді.

«Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» оқу-семинарына ҚМДБ «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, РАНТ мүшесі Хасан Аманқұлов, «Халал Даму» ветеринариялық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев және республика бойынша «ҚМДБ халал қасапшы» куәлігін алған, алуға ниет білдірген қасапшылар, Алматы облысында орналасқан құсфабрикаларының қызметкерлері жалпы саны 60-қа жуық тыңдарман қатысты.

«Алла Тағала Құранда: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды. Және буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал харам…» Бұлардың бәрін жеуге болмайды, «… бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандардан басқа» деген. Малды Алла Тағала адам ырзығы үшін жаратқан десек те оның өзінше бауыздау тәртібі, міндеті бар. Сондықтан мал сою кезінде сақталу қажет болған негізгі шарттарды тереңірек түсіндіру үшін мамандардың қатысуымен республикалық қасапшылар семинарын өткізуді жөн көрдік. Адам баласының қажетіне жаратылған жануарлар шариғат жолымен сойылмайынша халал болмайды. Ендеше, Алла баршамыздың қызметімізге береке беріп, сауаптардан жазғай!» деген Ершат Ағыбайұлы семинарға қатысушыларға сәттілік тілеп, пайдалы білім алуға шақырды.

«Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды, сондықтан малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар», – деген сөзі бар. Қазақ «тауық сойса да қасапшы сойсын» деген. Бір көзбен қарағанда мал сою – оңай іс секілді. Алайда көпшілік мән бере бермейтін, шариғатымызда бекітілген, халал стандартымызда нақтыланған мал бауыздаудың өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. Осы жөнінде сіздерге өз ісінің шеберлері шариғат маманы мен ветеринариялық санитария маманы кеңінен түсіндіріп, тарқатып айтады» – деді Айбек Асқарбекұлы.

Өз кезегінде мамандар қасапшыларға шариғат талаптарына сәйкес мал союдың жөн-жосығын түсіндіріп, қатысушылар сұрақтарына жауап берді. Естеріңізге сала кетейік, Бас мүфтидің бастамасымен еліміздің әр түпкірінде қасапшыларға арналған «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» семинары тұрақты түрде өткізу қолға алынған болатын.

_48A3488.jpg

_48A3474.jpg

_48A3463.jpg

_48A3484.jpg

_48A3488.jpg

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру