Наиб мүфти студенттерге дәріс оқыды (ФОТО)
Бүгін ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти, PhD доктор Ершат Оңғар Нұр-Мүбарак студенттеріне арнайы дәріс оқып, тәжірибесін бөлісті.
Білім алудың артықшылығына тоқталған наиб мүфти: «Адамның білім алып жатқан уақыты – ең керемет, қайталанбайтын, тіпті дұға-тілектері қабыл болатын берекелі кезең. Дәл қазір қабыл болмаса да, күндердің күнінде кезіндегі арманыңыздың ақиқатқа айналғанына көзіңіз жетіп жатады. Еліміздегі бірегей ислами университеті қабырғасында өтіп жатқан уақыттарыңызды бағалап, білімге ұмтылыңыздар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді» деген. Білім жайлы аят-хадистер өте көп. Ең бастысы уақыттарыңызды бағалап, ұстаздарыңыздың соңынан қалмай білім нәріне сусындап үлгеріңіздер» деді.
Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен 7 бағытта қызмет етіп жатқан діни мекеменің жұмыс барысы жайлы да атап өтті. Бұл студенттер үшін болашақта жұмысқа орналасу мәселесінде алдын-ала бағдар алып, қазіргі уақыттан бастап дайындалуына керемет кеңес болды.
Студенттер дәріс соңында көкейлеріндегі сауалдар мен туындаған сұрақтарын қойса, оған наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы тұшымды жауап берді.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі