Наурызбай қажы Тағанұлы халықаралық конференцияда баяндама жасады (ФОТО)

04 маусым 2021 3962 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Таразда өтіп жатқан Атлах шайқасының 1270 жылдығына арналған ғылыми-танымдық халықаралық конференция барысында «Атлах шайқасы –халқымыздың хақ дінге бет-бұрысындағы биік белесі» тақырыбында баяндама жасады.

Бас мүфти аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлына, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының орынбасары Хомиджан Ишманбетовке, ұжымына, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының Аппарат басшысы Равшан Ташболатұлына, Нұр-Мүбарак университетінің ректоры әш-Шаххат әл-Жиндиге және басқа да жиынға қатысып отырған ғалымдар мен дін қайраткерлеріне алғыс айтты.

«Бүгінгі өскелең ұрпақ өкілдері халқымыздың өткеніне мұқият зер салса, толғауы тоқсан тарлан тарихымыздан мол өнеге алатыны хақ. Иә, Алланың құлы, Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеті болған Алаш жұрты өткен тарихына назар аударса, енжарлық пен ерліктің, қорқақтық пен батырлықтың, артта қалу мен оянудың, кертартпалық пен кемеңгерліктің, қадымшылдық пен ағартушылықтың, ыдырау мен бірігудің, ымырасыздық пен ынтымақтастықтың, бұлғақ пен біртұтастықтың, адалдық пен опасыздықтың, күйініш пен сүйініштің, қасірет пен қуаныштың, кіріптарлық пен еркіндіктің, тәуелділік пен егемендіктің, дінсіздік пен діндарлықтың мән-мағынасын толықтай ұғына алатыны талассыз ақиқат. Ал тарихтан тәлім алу үшін өткен күндердің еншісіндегі айтулы оқиғалар, сұрапыл жылдар мен күркіреуік соғыстар, ел есіндегі жаһұт жағдаяттар мен ізгі жаңалықтар мен ілкімді ой-тұжырымдар әрдайым аталып өтілуі тиіс. Мұқым мұсылман үмбеті үшін сондай айтулы оқиға, атап өтпеу елдігімізге сын болатын даңқты датаның бірі – биыл орын алғанына 1270 жыл толған «Талас ғазауаты» екені күмәнсіз шындық» дей келе тарихи оқиғаларға тоқталып, Атлах шайқасынан кейін ортаға шыққан оң нәтижелердің 7 бағытын тізбектеді.

«Исламның бейбіт түрде насихатталуының нәтижесінде халық хақ дінді кең арнада қабылдап қана қойған жоқ, түркілердің ішінен көптеген дін ғұламалары шыға бастады. Қарахан дәуірінде Марғинани, Дабуси, Сарахси, Бәздауи, Матуриди, Нәсафи сынды фиқһ және мутакәллим ғалымдары бой көрсетті. Ахлақ ілімінің насихаттаушылары Жүсіп Хамадани, Арыстан баб, Абдулхалық Ғыждуани, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Нәжмидден Кубра, Зеңгі ата, Ұзын Хасан ата т.б. шайқылар халықтың ар-ұжданына қызмет етті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – өз басым 751 жылғы «Атлах шайқасын» халқымыздың Хақ дінге бет бұрысындағы биік белесі деп есептеймін» деп атап өтті.

Сондай-ақ Бас мүфти ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында осындай алқалы жиынға қолдау көрсеткен Жамбыл облысы әкімдігіне риясыз рақметін айтты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру