Наурызбай қажы Тағанұлы медресе шәкірттеріне дәріс оқыды (ФОТО)

27 ақпан 2020 5065 0
Оқу режимі

Бүгін Алматыға іс-сапармен келген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Әбу Ханифа» медресе-колледжінің шәкірттерімен кездесіп, оларға дәріс оқыды.

Шәкірттерге насихат айтқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қадірлі шәкірттер, іні-бауырларым, білім жолында жүрген мұсылманға періштелер қанатын жайып, құрмет көрсететіні туралы хадисті баршаңыз білесіздер. Алла Тағала білім алушы пендесінің дәрежесін арттырады. Сіздер осы медреседен үздіксіз білім алып, дінге, елге қызмет етсеңіздер, Алланың жарылқауы мен халықтың ықыласына бөленесіздер деген үміттемін. Медреседе білім алуға барлық жағдай жасалған. Медресе мәселесі – менің жіті назарымда. Мен сіздердің кез келген ұсыныс-тілектеріңізді орындауға дайынмын. Осы оқу ордасынан білімді, тақуа, отаншыл, ғалым азаматтар шығады деген сенімдемін. Елге, дінге қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Осыны ұмытпағайсыздар», – деді.

Бас мүфти өз дәрісінде «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасында жазылған құндылықтардың мәні мен маңызын айрықша атап өтті.

Шәкірттермен өткен еркін пікірлесу шарасында медресе түлектері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, Бас мүфтиден жауап алды. Оқу саласы бойынша қойылған қосымша сұрақтарға ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев жауап берді.

Кездесу соңында Наурызбай қажы Тағанұлы шәкірттерге, медресе ұстаздарына дұға жасап, естелікке сый-кәде берді. Медресе директоры Құлмұхаммед Маханбет Бас мүфти бастаған ҚМДБ ұжымына алғыс айтты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру