Наурызбай қажы Тағанұлы Сыр жастарымен жүздесті (ФОТО)

10 сәуір 2021 3991 0
Оқу режимі

Қызылорда облысына ресми іссапармен келген ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сыр өңірінің белсенді жастарымен кездесті.

Алдымен Бас мүфти Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан Жастар ресурстық орталығының тыныс-тіршлігімен танысты.

Бұдан кейін өз салаларында жетістікке жетіп, қоғам өміріне белсене араласып жүрген Сыр жастарымен өткен кездесуде еркін әңгіме өрбіп, аймақтағы жастар саясатына қатысты өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

«Жастық шақ – адам баласының ең тартымды әрі ең белсенді кезеңі. Өмірдің шыңы, қайрат-жігерге толы, жалындаған шақ. Тепсе, темір үзер күш-қуаты тасып тұрған тәуекелге толы кезең. Бұл жаста адам зерттелмеген жаңа көкжиектерді анықтауға, биік армандарға жетуге тырысады. 

Жастық шақ – қайтып келмейтін көктем, ағысы өзгермейтін өзен, сондай-ақ, аспанда тек бір рет қана жарқ етіп көрінетін жұлдыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды» деген. Басқа бір хадисте: 

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біліңдер: өлмей тұрып өмірдің қадірін, бір нәрсемен шұғылданбастан бұрын бос уақыттың, ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастық шақтың, кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біліңдер» деген. 

Міне жастық шақтың қадірін, уақытытң қадірін, денсаулықтың қадірін білуге ұмтылайық. Адамның ғұмыры қашан бітетіні белгісіз. Қазір ойнап күліп жүрген, былтыр Рамазанда бірге ауызашқан жандар қазір арамызда жоқ. Сондықтан уақытты бағалы, мазмұнды өткізейік. Жассыңдар, күш қайрат тасып тұрғанда еңбек ету керек. Көп мүмкіндік бар. Бастысы құлшыныс» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру