Наурызбай Тағанұлы «Нұр Астана» мешітінде жұма уағызын айтты (ФОТО+ВИДЕО)

20 желтоқсан 2019 6888 0
Оқу режимі

Бүгін Елорда төріндегі «Нұр Астана» мешітінде ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы «Салиқалы ұрпақ – ұлт болашағы» тақырыбында жұма уағызын айтты.

Күндердің сұлтаны болған қасиетті жұмада «Нұр Астана» мешітінің жамағатымен жүздесіп, тілдесу үшін арнайы ат басын бұрған ҚМДБ-ның бірінші наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы салиқалы ұрпақ тәрбиелеудің мән-маңызына тоқталды.

Ұрпақ тәрбиесі қай кезеңде болмасын, қай елде болмасын ұлт болашағының бірден-бір негізі. Келер нәсілдің тәрбиесіне отбасы - ошақ қасынан бастап, қоршаған орта, қоғам түгел жауапты. Дегенмен, кейде отбасында ескерілуі керек қарапайым қағидаттарға мән берілмей, «жас шыбық қисық бітіп, талай ата-ана «әттең-ай!» деп санын соғып жатады. Осы орайда 
Наурызбай қажы Тағанұлы бала тәрбиесінде маңызы бар бірқатар қарым-қатынас ережелеріне тоқталып өтті.

«Бала тәрбиесінде ескерілуі тиіс мәселелер: 

Біріншіден, оған сөзбен емес, іспен үлгі болу. «Айтпа – көрсет, үндеме – үйрет!» деген принцип осындайда ауадай қажет. 

Екіншіден, жұмсақтық қажет. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. 

Үшіншіден, кейде қаталдық та қажет. Қатал болғанда да өз орнымен. «Қатал бол, бірақ қатыгез болма!» деген тұжырым бар. Ол өзінің әдепсіз әрекеті үшін әкесінің ашуланатынын білуі керек. 

Төртіншіден, баламен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу ләзім. 

Бесіншіден, бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбиесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. 

Алтыншы, оның қолымен қайырлы істерді жасау. 

Жетінші, сыйлық беру. Сыйлық – кез келген жүректі жібітеді. 

Сегізінші, дұғагөйлік. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі үйлескен үлгілі баланы Алладан тілеу – әр мұсылманның міндеті. 

Тоғызыншы, балаларды алаламау, бәріне бірдей қарау, бірдей көңіл бөлу қажет», - дей отырып діннен өнегелі сөздерді тілге тиек етті.

Намаз соңында, жұма уағызына тәнті болған мешіт жамағаты наиб мүфтиге дән ризашылықтарын білдірді.

Пікірлер Кіру