Нұр-Мүбарак университетінен 300 түлек түлеп ұшты (ФОТО)

21 мамыр 2021 4144 0
Оқу режимі

Қасиетті Құран мен Қазақстан және Мысыр елдерінің әнұрандары орындалатын студенттік шақтағы жиындардың соңғысы бүгін Нұр-Мүбарак университетінің биылғы түлектеріне арналды.

Қоштасу салтанатында университет басшыларының жүрекжарды лебіздері түлектерді тебірентті. Ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат: «Құрметті түлектер, сіздерді шын жүректен құттықтап, ақ жол тілеймін. Университет ректоры ретінде ғана емес, әкелеріңіз ретінде сөйлеп тұрмын. Университетті бітірді деген, білім шыңына шықтым деген сөз емес, тек білімның алғашқы баспалдағына көтеріліп, кілтін ғана ұстадыңыздар. Құранда «Раббым, білімімді арттыр» деген аят бар, сондықтан білім ізденуді тоқтатпау керек. Сіздер Нұр-Мүбарак университеті мен оның Түлектер қауымдастығы бар екенін ұмытпаңыздар», – деп түлектерге сәттілік тіледі.

Ал проректор, доцент Қайрат Құрманбаев: «4 жыл білім алдыңыздар, енді алда маман ретінде елге, халыққа қызмет ету міндеті тұр. Адамзат тарихын қарасаңыз, ежелгі Мысыр, Грекия, Рим болсын, жалпы кез келген өркениет негізінде дін жатыр. Дін – руханият өзегі. Сондықтан сіздер ел алдындағы жауапкершілікпен қатар, Алла алдындағы жауапкершілікті түсінген түлексіздер. Ислам – абыройлы, кәміл дін. Оны қоғамға көрсететін біз. Қоғам исламды мұсылмандар арқылы көреді. Ал дінге қызмет – абыройлы міндет. Сондықтан сіздермен біз, бізбен сіздер мақтанатындай дәрежеде болайық», – деп түлектерді жігерлендіре түсті. 

Салтанатты кеш барысында түлектер де университет ұжымына, ұстаздарына алғыстарын жаудырып, осы оқу орнының артықшылығына тоқталып, қуанышын бөлісті. Ән мен жырдан шашу шашылып, ұстаздар тарапынан қимастық тілектер айтылды.

Айта кетейік, биыл Нұр-Мүбарак университетін бакалавриат бағдарламасымен 300 түлек тәмамдады. Оның 142-і – мемлекеттік білім грантының иегері. Исламтану бойынша – 210 студент, дінтану бойынша – 29, теология бойынша – 45, Шетел тілі: екі шет тілі бойынша 13 студент түлеп ұшпақ.

Салтанатты шара барысында үздік түлектер мақтау қағаздарымен  марапатталып, озық түлектердің ата-аналарына алғыс хат берілді. Жоғары дәрежеде өткен салтанатты шара барысында Нұр-Мүбарак университеті түлектер қауымдастығы әр түлекке кітаптан жасалған арнайы естелік сыйлықтар табыс етті. 

 

Дереккөз: Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру