«НҰР-СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Халықаралық қарттар күніне орай «Нұр-Сұлтан» мешітінде егде жастағы шәкірттерге арналған тағылымды іс-шара өтті.
Үлкенді сыйлау – халқымыздың ежелден қалыптасқан асыл қасиеттерінің бірі. Исламдағы үлкенге құрмет, қарияның батасын алу секілді құндылықтар қазақтың салт-дәстүрімен сабақтасып, ұрпақ тәрбиесінің ажырамас бөлігіне айналған. Осыны негізге алған мешіт ұжымы атаулы күнге орай қазыналы қарияларға құрмет көрсетті.
Екі күнге жалғасқан шараға мешітте білім алып жүрген 50-ге жуық егде жастағы шәкірт қатысты. Олардың қатарында жасы 85-ке келген қария да бар. Сондай-ақ шараға ене мен келін, туған абысындар секілді туыстық қарым-қатынасты берік сақтап, бірге білім алып жүрген жандар да қатысты.
Тағылымды кездесуді «Нұр-Сұлтан» мешітінің имамы Қанат Қоянбекұлы ашып, шәкірттерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Ол үлкенге құрмет көрсетіп, қариялардың батасын алудың маңызына тоқталып, Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың ﷺ хадистерінен, сондай-ақ халық даналығынан мысалдар келтірді.
Шараны мешіт ұстаздары Қарлығаш Қажымәлікқызы мен Фарида Маратқызы ұйымдастырып, қарияларға арнайы сый-сияпат жасады.
Кездесу барысында білім алудың жасқа қарамайтыны да көрініс тапты. Жасы ұлғайғанына қарамастан діни білімін жетілдіріп жүрген шәкірттер мешіттегі тағылымды ортаның бір бөлігі ретінде өзара пікір алмасып, мерекелік көңіл күй бөлісті.
Ізгі шара соңында қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілініп, елдің амандығы мен шаңырақтардың берекесі үшін дұға жасалды. Мешіт ұжымы үлкенді қадірлеу, олардың өнегесі мен батасын кейінгі буынға жеткізу – ұлттық әрі діни құндылықтарды сабақтастыратын маңызды дәстүр екенін атап өтті.



Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі