Нұр-Сұлтан өкілдігі 1 400 отбасыға «Рамазан сыйлығын» тарту етті (ФОТО+ВИДЕО)

22 сәуір 2021 5069 0
Оқу режимі

Бүгін ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Рамазан сыйлығы» атты қайырымдылық шарасы өтті. ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігі ұйымдастырған шара аясында Елордамыздағы 1 400 мұқтаж отбасыға рамазан сыйлығы ретінде азық-түлік сөмкелері таратылды.

Сауапты шараға Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған діни қызметкерлер мен еріктілер тобы, қайырымдылық шарасына демеушілік танытқан «YDA» холдингінің қызметкерлері қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Сондай-ақ, қаладағы 12 мешіт бойынша қайырымдылыққа жауапты қызметкерлер қатысып, әр мешіт бойынша таратылатын азық-түлік сөмкелері үлестірілді.

«Рамазан айының тағы бір қыры – қоғам арасындағы қайырымдылықты көбейтіп, жомарттық пен жақсылықтар еселене түсетін ай. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да дәл осы рамазан айында ерекше жомарттық танытып, қайырымдылық жасауға келгенде айрықша құлшыныспен атқаратын болған. Сол үшін рамазан айы біздер үшін қайырымдылық айы болуы тиіс.

Осы орайда қасиетті рамазан қарсаңында Бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлы үндеу жариялап, мүбәрак айда Алла разылығына жетелейтін игі амалдарды көптеп атқаруға шақырған болатын. Мінекей, игі үндеуге алғаш болып үн қосқан «YDA» холдингінің демеушілігімен бүгін 1400 отбасыға қолдан келгенше Рамазан мейірін сезіндіруге тырысып отырмыз. Алла Тағала бүгінгі шарамызды қабылдыққа жазғай!» – деп атап өтті Ерболат Нұрылдаұлы.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру