ӨСКЕМЕНДЕ VII ОБЛЫСТЫҚ АҚСАҚАЛДАР ФОРУМЫ ӨТТІ (ФОТО)
«Ислам және ізгі қоғам» жылының аясында Шығыс Қазақстан облысының өкілдігінің ұйымдастыруымен «Шығыс өңірінде руханият мектебін қалыптастырған тұлғалар және олардың мұраларын насихаттау мәселесі» тақырыбында VII облыстық ақсақалдар форумы өтті.
Форум жұмысына ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар және дінтанушы ғалымдар, имамдар, қариялар ұйымдарының өкілдері, ақсақалдар, облыстағы зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынды ашып сөз сөйлеген наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ақсақалдарына арнайы сәлемін жеткізді.
«Ұлағатты тәрбиенің негізгі өзегі салт-дәстүрмен дәстүрлі Исламда жатыр. Аға буын ұлағатты болса, ата ақылға бай, әже мейірімді болса болашақ ұрпақ саналы болады. Қазақтың ұлағатты тәрбиесін ақсақалды атамен ақжаулықты әже ұрпақ санасына сіңіруі керек. Біздің аға буыннан үйренеріміз көп. Ақсақалдар форумын діни басқарма тарапынан Республикалық деңгейде өткіздік. Міне, осы шаралардың негізгі мақсаты ұлттық тәрбиені жаңғырту, Исламмен ұштастыра дамыту. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ақсақалдар институтын дамытуға айырықша көңіл бөліп отыр» наиб мүфти.
Форумда «Ақсақалдар алқасы» ШҚО бойынша төрағасы М.Мұхаметжанов, қалалық «Мухамади» мешітінің бас имамы Ибраһим қажы Қарнақбайұлы, қоғам қайраткері, профессор Нәбиолла Кемешев, дінтанушы Берік Кәдірұлы қатарлы көптеген тұлғалар сөз алып ақсақалдар және руханият мәселесі жөнінде өзекті ойларын ортаға салды. ҚМДБ ШҚО бойынша бас имамы Ермек Қасболатұлы форумды қорытып сөз сөйлеп, бұл шараның мән-мағынасын баяндап, Мемлекет басшысы атап өткен дәстүрлі Исламды дамыту, ұлт ғұламаларының еңбектерін насихаттауда айырықша маңызға ие екендігін жеткізді.
Дереккөз: Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі