Павлодарда тағы бір көп балалы отбасыға пәтер берілді (ФОТО)

05 сәуір 2019 7038 0
Оқу режимі

ҚМДБ «Зекет» қорының аймақтағы өкілдіктерінің ұйытқы болуымен Павлодар қаласындағы қамқоршысыз қалған көп балалы жалғызбасты анаға екі бөлмелі пәтер кілті табыс етілді. Игі шараға ҚМДБ «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров және қор қызметкерлері қатысты.

Жаңа пәтерге ие болған Бейсембенова Жанардың жолдасы қайтқанына бір ай ғана болған, 4 қызы бар, бесінші баласына аяғы ауыр. Талғат Сейіткәрімұлы жаңа пәтер иесі Жанар Қабидоллақызына және  оның туыстарына көңіл айтты.

ҚМДБ «Зекет» қорының  директоры келесі кезекте «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ауласында әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Қайырымдылық жәрмеңкесінің» жұмысымен танысып, осы мешіт ауласында жергілікті жамағат, кәсіпкерлер арқылы ұйымдастырылған «Барыңмен бөліс!» атты қайырымдылық акциясына қатысты. Бұл акция арқылы осы жолы мұқтаж болған 100 отбасына азық-түлік пакеттері және әртүрлі киім-кешектер үлестірілді.

Қасиетті жұма күнгі жұма намазына дөп келген Талғат Сейіткәрімұлы намазға жиналған мыңдаған жамағат алдында зекет парызы туралы толық түсінік беріп, алда зекетті электронды онлайн түрінде қалай өтеу туралы арнайы бейнероликпен түсіндірді.

Шара соңында Павлодар тұрғындарына және  игі шараға үлес қосқан азаматтарға алғысын білдіріп, Павлодар облысына қарасты қала, аудан мешіті имамдарына, қаладағы белгілі кәспкерлермен кездесу жасаған ҚМДБ «Зекет» қорының директоры оларға зекет парызы, оны өтеу жолдары туралы кең көлемде әңгімелеп, сұрақтарына жауап берді.

Дереккөз: mazhab.kz

Пікірлер Кіру