ҚАБАНБАЙ БАТЫР КЕСЕНЕСІНДЕ БАТЫРЛАР РУХЫНА ҚҰРАН БАҒЫШТАЛДЫ (ФОТО)

09 мамыр 2023 1829 0
Оқу режимі

Бүгін 9 мамыр – Жеңіс күніне орай қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы Қабанбай батыр кесенесіне барып, батырлар рухына Құран бағыштады.

Астана қаласындағы зиялы қауым өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары қоса барған кесене Қабанбай батыр ауылының маңында орналасқан. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер 80 жыл бұрын фашистерге қарсы қан майданда жанын қиған болса, Қабанбай батыр да осыдан тура 300 жыл бұрын  Отан басына келген ауыр қасірет – Ақтабан шұбырынды,  Алқакөл сұлама кезеңінде жоңғар шапқыншыларымен жанын салып күрескен еді. Eкі кезеңдегі оқиға да ел басына төнген ұлы қасірет. Қос дәуірдегі майданда жанын сала күрескен батырлардың мақсат-мүддесі бір еді. Әрине, туған жер үшін, келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін шайқасқан батырларды құрметтеу – біздің қасиетті борышымыз. Фашистерге тойтарыс берген осынау Жеңіс күнінде бейбіт заман үшін Аллаға мадақ айтып, батырларды еске алу, оларға Құран аяттарын бағыштап, халықтың амандығы үшін дұға ету шүкіршіл құлдың  амалы болмақ.  Осынау игі шарада ақсақалдар тарихтан сыр шертіп, Астана қаласы Есіл ауданының әкімі А.Есембаев пен Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Н.Әлмұханов та сөз сөйледі.

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру