Қасиетті жұма қайырымдылық жәрмеңкесімен нұрланды (ФОТО)
Күндердің төресі саналатын қасиетті жұма құрметіне орай бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Нұр-Сұлтан өкілдігі, Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен жайылған жәрмеңке сөрелері жұма намазына келген жамағатқа түрлі тағамдар ұсынып, сауапқа толы сауда жасауға септігін тигізді. Ақпанның аязы тоңдырған елордалық жамағат жәрмеңке аясында ыстық тағам мен шайға қанып, мешіт ұстаздары мен шәкірттері әзірлеген түрлі тәттілерден дәм татты.
Бұдан бөлек, жәрмеңке сөрелерінен ұлттық сусынымыз қымыз-шұбат та орын алып, діни бұйымдар мен кітаптар, әшекейлер мен дәрілік қоспалар да сауда көрігін қыздырды.
Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі қайырымдылық жәрмеңкесі әйел ұстаздары мен шәкірттерінің ұйытқы болуымен бірнеше жыл бойы тұрақты өтіп келеді. Еліміздегі пандемиялық жағдайларға орай кей кездері желісі үзіліп қалғаны болмаса, осы уақыт ішінде көптеген жәрмеңкелер ұйымдастырылып, жиналған қаржы науқас сәбилерге, мұқтаж отбасыларға жұмсалып келген болатын.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: Muslim.kz