Қажылық миссия өкілдері консулмен кездесті (ФОТО)

05 тамыз 2019 3937 0
Оқу режимі

Еліміздің атынан Меккеге келген Қазақстан Қажылық миссия өкілдері Жиддадағы Консулмен кездесті. Аталған кездесуге миссия төрағасы, наиб мүфти Алау Әділбаев, төраға орынбасары Ғылымбек Мәжиев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі Досымжан Нұрбаев және ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділла Бекжігітов қатысты.

Кездесу барысында биылғы қажыларымыздың Жидда, Мекке және Медина қалаларына уақытылы ұшып келіп, оларды қонақ үйлерге тасымалдау мәселесін бірлесе отырып шешу жолдары талқыланды. Жиддадағы Консулдық басшысы Талғат Рахманқұлұлы қажыларымызға барынша қолұшын беретінін атап өтті.

Айта кетуіміз керек Жидда қаласындағы Консулдық тарапынан ұйымдастырылған кезекшілік барысында дипломатия өкілдері әр рейсті күтіп алып, қажыларды Меккеге жеткізуге қолұшын беруде. Сондай-ақ аталған дөңгелек үстел барысында елімізден енді келетін қажылардың уақытылы ұшып-қонуын бірлесе бақылап, қасиетті мекенге жайғастыру мәселесінде бір мәмілеге келді. Осылайша, екі тарап өз жақтарынан қажетті көмекті дер кезінде беретінін жеткізді.

Сонымен қатар осы күні миссия өкілдері Мекке қаласындағы қажылыққа жауапты мекеме басшыларымен жолығып, қажыларға көмек көрсететін көліктерге рұқсат қағазын алу мәселесін тағы бір мәрте талқылады. Бұл ретте миссия өкілдері ең бастысы қажыларға қолайлы жағдай жасау - кезек күттірмес мәселе екенін де атап өтті. Кездесу барысында Консулдық пен Діни басқарма қажылыққа қатысты ортақ бағдарламаны пысықтап, бір келісімге келді.

Ендігі мәселе  – елден келетіндерді дер кезінде көлікпен қамтып, қонақүйлерге орналастыру. Парызын өтеушілердің құжаттарын толық тексеріп, оларды ұдайы ақпараттандыру жайы назарда болмақ. 

 

Дереккөз: muftyat.kz

Пікірлер Кіру