ҚМДБ: 2022 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

22 желтоқсан 2022 2204 0
Оқу режимі

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісі басталды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өтіп жатқан 2022 жылдың қорытынды жиынына наиб мүфтилер, Діни басқарманың бөлім басшылары мен мамандары, сондай-ақ 20 өкілдіктің бас имамдары қатысуда.

Қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталған жиында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Аллаға шүкір, біз осы жылды жақсы нәтижелермен қорытындылап отырмыз. Еліміз үшін түрлі сынақтарға толы өткен 2022 жылы да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оған қарасты мешіт имамдары, барша дін қызметкерлері халықпен бірге болды. Қиналғанға қол ұшын созып, қайғырғанның мұңын бөлістік. «Ислам – ынтымақ пен бірлік жылы» аясында бірнеше конференция өткіздік. ҚМДБ жанынан республикалық Ақсақалдар кеңесі, біздің бастамамызбен Түркістанда Түркі мемлекеттерінің «Мүфтилер алқасы» құрылды. Бір жылда 77 мешіт жамағаттың игілігіне берілді. Соның ішінде мұнарасы көкпен таласып, алып күмбезі төрткүл дүниені тамсандырған елордадағы Республикалық бас мешітті ерекше атап өтуіміз керек.

Мысыр, Түркия, Сауд Арабиясы Корольдігі мен Марокко Корольдігіне жасаған ресми сапарымыз жемісті болды» деді.

Айта кетейік, бүгін кеңейтілген Төралқа мәжілісінде облыс бас имамдарының 2022 жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалуда.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру