ҚМДБ-30: Ай сайын 30 адамға тегін ем-дом жасалады (ФОТО)

18 қыркүйек 2020 4131 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «30 жылдық мерейтойға – 30 игі шара» аясында жер-жерде қайырымдылық жұмыстары жалғасуда.

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығының Бас директоры, Бас дәрігер Жасан Зекейұлын қабылдады. Кездесуде халықтың тәні мен жанын емдеудің маңыздылығы, сауапты шараларға үлес қосудың мәні туралы сөз болды.

«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың», – деген. Халықты емдеу ісінде көп жұмыс атқарып келесіздер. Халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Алла Тағала ел игілігі жолындағы істеріңізге мол сауаптан жазсын» деп атап өтті Бас мүфти.

Өз кезегінде Жасан Зекейұлы: «Медицинаның негізін қалаған, әлемге мәшһүр мұсылман ғұламасы Әбу Әли ибн Сина бабамыз: «Ауруды емдеудегі дәрігердің үш құралы болады. Ол – жылы сөз, шөп және дәрігер қандауыры» деген екен. Сіздер халықтың рухын емдеп жүрсеңіздер, біз, дәрігерлер азаматтарымыздың тәні мен жанына шипа іздейміз. Сондықтан біздің мақсатымыз бір. Бірлесіп атқаратын ісіміз көп», – деді.

Кездесуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «30 жылдық мерейтойға – 30 игі шара» аясында 30 адамға тегін ем-дом жасау жұмысы жан-жақты талқыланды.

Халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығының Бас директоры Жасан Зекейұлы бұл бастамаға қолдау көрсететінін мәлімдеп, мүфтияттың нұсқамасымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан ай сайын 10 адамды, барлығы 30 азаматты тегін емдеуге уәде берді. Тараптар осы бастама аясында ортақ игі жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.  

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру