ҚМДБ ғимаратында асхана ашылды (ФОТО+ВИДЕО)

19 ақпан 2020 4572 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғимаратында мүфтияттың асханасы ашылып, пайдалануға берілді. Шараға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Елшісі Мұхаммед Ахмед әл-Жабер мырза және Діни басқарманың бөлім басшылары мен мамандары қатысты.

Асхана жұмысына қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздар шығынына, әрлеу және жөндеу жұмыстарына Біріккен Араб әмірлігінің Қазақстандағы елшілігі қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған болатын. Қос мекеме арасындағы қаншама жылдар бойы қалыптасқан ынтымақтастық негізінде көрсетілген көмекті жоғары бағалап, Бас мүфти құрметті қонақтарға ілтипат көрсетті.

Елшіліктің қолдауын айрықша атап өткен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазақ халқында «Елдестірмек елшіден» деген нақыл сөз бар. Екі елдің байланысын арттыратын тұлға қашан да елші болған. Сіз өз тарапыңыздан біздің бастамаларымызға қолдау көрсетіп келесіз. Осы ретте Сізге және елшілік қызметкерлеріне өзімнің және Қазақстан мұсылмандары атынан алғыс білдіремін», – дей келе Мұхаммед Ахмед әл-Жабер мырзаның иығына шапан жапты.

Өз кезегінде елші Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы бауырластық байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын атап, ризашылығын білдірді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру