ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ «ӘЛ-ҒАНИ» МЕШІТІНДЕ УАҒЫЗ АЙТТЫ (ФОТО)

26 наурыз 2024 1509 0
Оқу режимі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әл-Ғани» мешітінде тарауық намазына қатысып, жамағатқа уағыз айтты.

«Рамазан айында туыстық қатынасты күшейтудің маңызы» тақырыбында насихат айтқан ҚМДБ Төрағасы ағайынмен араласу, жақыныңа қарайласудың маңызына тоқталып, оразаның туыстармен қарым-қатынаста да үлкен мүмкіндік екенін тілге тиек етті. 

«Қасиетті Рамазан айында атқарылатын үлкен сауапты істердің бірі – туыстық қатынасты нығайту. Туыстық қатынасты сақтау – Алла Тағаланың біздерге әмір еткен бұйрықтарынан. Қасиетті Құранда:  «Негізінде Алла әділетті, ихсанды және ағайынға қарайласуды бұйырады», – деп айтылған («Нахыл» сүресі, 90-аят).

Ғалымдарымыз туыстық қатынасты сақтауға: «Адамның өз шамасына сай туысқанының қажетінен табылып, жақсылық жасай білуін айтамыз», – деп анықтама берген.  Әмр ибн Әл-Ас (Алла оны рақымына алсын) ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға не үшін жіберілгенін сұрағанда: «Мені туыстық қатынастарды нығайту үшін жіберді», – деген.

Алла Елшісінің өзі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туыстық байланысты берік сақтайтын әрі өзгелерге де туыстарымен байланысты үзбеуді әркез өсиет ететін болған. Қасиетті Рамазан айы – туыстық қатынасымызды нығайтып, оларға жақсылық жасаудың тамаша мүмкіндігі. Бұл шарапатты айда туыстарымызбен қарым-қатынасқа да баса көңіл бөлгеніміз дұрыс» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бұдан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге тарауық намазын оқып, ел амандығы мен игілігі үшін дұға жасады. 

 

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру