ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ БАС МЕШІТТЕ ЖАМАҒАТҚА ДӘРІС ӨТКІЗДІ (ФОТО)

04 қазан 2022 2679 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ақшам намазынан кейін Республикалық бас мешітте жамағат алдында уағыз айтты.

Бас мүфтидің дәрісі «Тәпсірлердің таңдаулысы» кітабы аясында өтіп, Құранның Фатиха сүресінің ерекшелігі мен аудармасы түсіндірілді.

«Меккеде түскен бұл сүреге «әл-Фатиха» (ашушы), «Уммул-китаб» (кітаптың анасы), «әс-Сәбғул-мәсәни» (көп қайталанатын жеті аят) деген есімдер берілген. Құран осы сүремен басталғаны үшін «әл-Фатиха» деп аталған. Бұл - түсу тұрғысынан болмаса да тәртіп тұрғысынан Құранның алғашқы сүресі. «Фатиха» Құранның барлық мағынасын қамтиды. Бұл сүреде сенім, ғибадат, Алланың көркем сипаттары, тек қана Оған құлшылық ету, жәрдем сұрау, Алланың әміріне бағыну, тыйымдарынан сақтану баяндалады. Содан болар «Фатиха» сүресі қалған сүрелердің мәні, мәйегі іспетті» дей келе Наурызбай қажы Тағанұлы Фатиха сүресінің мағынасына тоқталып, аяттардың тәпсірін түсіндірді.

Айта кетейік, Бас мешіттегі уағыз-насихат жұмыстары қыркүйек айында басталған болатын. Оған ҚМДБ ұстаздары қатысып, «Пайғамбарлар тарихы», «Алла Тағаланың көркем есімдері», «Ихсан ілімі», «Хадис тағылымы», «Ислам ғибадаты» және орыс тілінде «Озаренные сердца» тақырыбында уағыз-насихат айтылуда. Дәрістер қазан айында да толық жалғасады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру