ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің мұсылман қауымына үндеуі (ВИДЕО)

17 наурыз 2020 5607 0
Оқу режимі

Қадірлі бауырлар!

Адам атадан тараған күллі адамзат баласы жаратылған сәттен бастап түрлі жақсылықтар мен сынақтарды бастан кешуде. Өйткені, өмір – сынақ мекені. Ал мұсылманның мұраты – сынақты сауапқа айналдыратын амал жасау.

Иман шартын жүрегіне бекіткен мүмін жақсылық пен жамандық – Алладан деп қабылдайды. Нығметке кенелсе – шүкір етеді, қиындыққа тап болса – төзімділік танытады.

Біз – тарихымыздың сан қилы сындарлы сәттерінде үмітсіздікке берілмей, бір Алладан медет тілеген халықпыз.   

Ендеше, мұсылман қауымын құлшылық кезінде еліміз бен жеріміздің, күллі адамзаттың амандығы үшін дұға жасауға шақырамын.

Құрметті жамағат!

Ардақты пайғамбарымыз алдын ала келетін түрлі дерттен сақтану үшін ұйқыға жатар кезде «Ықылас», «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқып, алақанына үрлеп, денесін сүрткен. Дұға – мұсылманның қорғаны. «Дұға – ғибадаттың мәні» (хадис). Алла Тағала «Мүмин» сүресінің 60-аятында: «Менен сұраңдар. Тілектеріңді қабылдаймын», – деп уәде еткен.

Жаратқанға жалбарынып, дұға жасап, иманымызды күшейтіп, қате-кемшіліктен арылуға тырысайық.

Біз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөздің қадірін біліп, жақсылыққа ұмтылған ұлтпыз.

Сындарлы сәтте бір-бірімізге жақсы сөз айтып, көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасап, мол сауап алуға асығайық!

Тазалық пен имандылық – егіз ұғым. Ең бастысы жұқпалы індеттің алдын алу үшін тазалық шараларына аса мән беруіміз керек.  

«Жеті рухани қазық» құжатымызда бауырмалдық, адалдық, адамгершілік, бірлік, ізгілік сынды қоғамға қажет құндылықтарды айрықша атап өттік. Осынау игі бастаманы амалға асырып, ізгі істерде бір-бірімізге көмекші болуға үндеймін. 

Құрметті отандастар!

Біз талай зұлматты заманды бастан кешіп, өсіп-өнген елміз. Қиындықты сабырға жеңдірген адам Алланың разылығы мен рақымына ие болады. «Расында, Алла сабыр етушілермен бірге». Раббымыз «Бақара» сүресінің 153-аятында құлдарын осылай сүйіншілейді.   

Уақытша сынақты әуелі Алланың жәрдемімен, иманымыз бен бірлігіміздің арқасында жеңіп шығатынымызға көбірек үміт артайық.  

Алла Тағала Отанымызды, күллі адамзат баласын жұқпалы індеттен аман етіп, өз панасында сақтағай. Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру