ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРГЕ НАСИХАТ АЙТТЫ (ФОТО)

29 мамыр 2024 1331 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына жұмыс сапары барысында «Жолың болсын, жас түлек!» шарасына қатысып, Арқалық қаласының мектеп бітіруші түлектеріне насихат айтты.

Арқалық Қазақ жасөспірімдер театрында өткен шарада ҚМДБ Төрағасы: «Алда сіздерді өмірдің жаңа кезеңі – студенттік өмір күтіп тұр. Әрқайсыңыз ата-анаңыздан жырақтап, алыс-жақын қалаларға, тіпті алыс-жақын шетелдерге оқуға түсулеріңіз мүмкін. Сол кезде ең бастысы адамдық қасиетті сақтап қалуға тырысыңыздар. Қайда жүрсеңіздер де әдеп сақтап, тазалыққа, адалдыққа мән беріңіздер. Жас болғаннан кейін сіздерді алаңдататын, қызықтыратын, алтын уақыттарыңызды ұрлайтын бос дүниелер көп болады. Мұндай да бірінші орынға оқуды қойып, басы артық көңіл көтеруден, ойын-сауық немесе жұмыстан бойды аулақ ұстаған жөн.

Жастық шақ – ең алып күш. Дін мен дәстүріміздің қанаты кеңге жайылып, ғұмыры ұзақ болуы үшін, елдің жағдайы жақсарып, қоғамда тұрақтылық орнауы үшін де жастардың көмегі керек-ақ. Өйткені жастар – елдің ертеңі. Жастық шақ – адам баласының қайта айналып келмейтін көктемі болса, бүгінгі жастар – ертеңгі ақыл айтар аға, ұрпақ тәрбиелейтін дана, елдің ақсақалы мен ақжаулықты анасы. Ал олар даналыққа жетуі үшін қазіргі алтын уақыты арзан нәрсемен өтіп кетпеуі тиіс» деді.

Шара соңында ҚМДБ Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген «Уақыт және сен», «Табыс теориясы» рухани-танымдық, мотивациялық кітаптары 140 мектеп бітіруші түлекке сыйға берілді. Кітаптарды Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы түлектерге арнайы табыстап, сәттілік тіледі.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру