ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҚАРИЛАРҒА ИЖАЗА КУӘЛІГІН ТАБЫСТАДЫ (ФОТО)
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы қарилар дайындау орталығы ұйымдастырған игі іс-шараға қатысты. Салтанатты рәсім барысында Бас мүфти орталықтың алғашқы түлектеріне ижаза куәлігін табыстады.
«Былтыр жыл басында елімізде «Ижаза» беру орталығын ашу туралы шешім қабылдаған болатынбыз. Соған сай жұмыстар басталып кетті. Өздеріңізіз білетіндей еліміздегі қариларды жігерлендіру мақсатында жыл сайын республикалық Құран байқауын ұйымдастырып келеміз. Аллаға шүкір, елімізде қарилар саны жыл сайын артып келеді. Бұл – қуанарлық жағдай. Осыған орай қариларымызға арнайы «Ижаза» беру орталығын ашсақ, куәлігін табыстасақ деп мақсат қойдық. Міне бүгін шәкірттердің алдында осындай жоба іске асқалы тұр. Аллаға шүкір! Куәлік алған шәкірттеріміздің қуанышы құтты болсын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы қарилар дайындау орталығының 18 түлегіне куәлік табысталды. Ізгі іс-шараға арнайы келген Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор, доктор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад ал-Жинди шәкірттерді құттықтап, қуанышқа ортақтасты. Түлектерге Ибраһим Шағбан әл-Мурсиди әл-Әзһари қаридан Асым қырағатының хафс және шұғба риуаятына сай шатабия жолы бойынша ижаза куәлігі табысталды.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі