ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҚҰРАН БАЙҚАУЫНЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

28 қыркүйек 2022 2213 0
Оқу режимі

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде  Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІ республикалық байқауының ашылу рәсімі өтті.

80 үміткер қатысып жатқан байқаудың ашылу рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, қариларға сәттілік тіледі. Қасиетті Құран Кәрім оқылып, Бас мүфти дұға жасады.

«Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін. Раббымыз бүгінгі игі шарамыздың сәтті өтуін нәсіп етсін. Алла Тағала Сыр еліне басып келген қадамдарыңызға мол сауаптан жазсын. Бұл байқау сіздерге үлкен жігер береді деп сенемін. Аллаға шүкір, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен жыл сайын тұрақты түрде Құран байқауы өткізіліп келеді. Бұл іс-шаралар елімізден көптеген қаридың шығуына ықпал етуде.

Осы байқауға қатысудың өзі үлкен жеңіс деп ойлаймын. Қариы бар отбасы, қоғам бақытты. Баршаңызға осы байқауда сәттілік тілеймін. Алла разы болсын!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Байқауға елімізге белгілі қарилар Сәдуақас Олжабаев (төраға), Данияр Жұмабаев, Ерсін Әміре, Серік Ахметов, Мұртаза Балахмет қазылық етуде.

Айта кетейік, екі күнге созылатын байқау «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube-арнасы мен мүфтияттың Instagram-дағы @muftiyatkz ресми парақшасынан тікелей эфирде көрсетілуде.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру