ҚМДБ төрағасы Құрбан айттың маңызы туралы жұма уағызын айтты (ФОТО)

08 шілде 2022 2057 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Құрбан айт – ұлық мереке» тақырыбында жұма уағызын айтты.

Бас мүфти мешіт жамағатын сан ғасырлардан бері халқымыздың игі дәстүрімен біте қайнасып кеткен құрбан айт мейрамымен құттықтап, ұлық мерекенің маңызына, тарихы мен хикметіне тоқталды.  

«Құрбан шалу – пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Бұл дәстүр біздің үмметке де мұра болып қалған. Зайд ибн Әрқамнан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар: «Уа, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не өзі?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аталарың Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті», – деп жауап берген. Содан соң: «Одан бізге қандай сауап бар?» – деп сұрақ қойылады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар»,– дейді.

Қасиетті құрбан айт мерекесінде құрбан шалып, жоқ-жітіктерге жәрдемдесу, құрбандық етінен тарату сауабы мол іс. Алайда, құрбан шалуды ниет еткен әрбір жан ең алдымен құрбандығының дұрыс болуына аса мән беруі қажет» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұма намазынан кейін ҚМДБ Төрағасы жамағатпен бірге дұға жасап, елдің амандығын, тыныштығын тіледі.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру